Синусит — кез келген мұрын қосалқы қуыстарының шырышты қабығының қабынуын білдіретін жалпы диагноз. Ал гайморит — соның жеке түрі, яғни жоғарғы жақ қосалқы қуысының қабынуы.

Қазіргі клиникалық тәжірибеде көбіне «риносинусит» термині қолданылады. Себебі мұрын қуысы мен қосалқы қуыстарының шырышты қабығы біртұтас жүйе ретінде жұмыс істейді. Мұрын қосалқы қуыстарының жеке, мұрын қуысының қатысуынсыз қабынуы сирек кездеседі. Сондықтан синусит пен гаймориттің айырмашылығы — ауру механизмінде емес, диагноздың нақтылығында.

Анатомия айырмашылықтың негізі ретінде

Мұрын қосалқы қуыстары — ішінде ауа бар, кірпікшелі эпителийлі шырышты қабықпен қапталған қуыстар. Олар мұрын қуысымен тар өзектер — сағалар арқылы байланысады. Осы өзектер арқылы желдетілу және табиғи тазалану жүреді.

Жоғарғы жақ қосалқы қуысының бірнеше ерекшеліктері бар:

  • ең үлкен көлемді;
  • көз ұясының астында және жоғарғы тістердің түбірлеріне жақын орналасқан;
  • шығу өзегі мұрын қосалқы қуысының жоғарғы бөлігінде орналасқан.

Соңғы ерекшелік өте маңызды. Себебі шырыштың сыртқа шығуы үшін ол жоғары қарай қозғалу керек, ауырлық күшіне қарсы. Бұл тек кірпікшелі эпителий дұрыс жұмыс істегенде ғана мүмкін — мукоцилиарлық клиренс механизмі.

Қабыну кезінде шырышты қабық ісінеді, өзек бітеледі, дренаж бұзылады. Осындай анатомиялық жағдайда тіпті аз ғана ісіну шырыштың іркіліп қалуына әкеледі.

Яғни, синусит пен гаймориттің айырмашылығы неде деген сұраққа жауап, мынада. Синусит — барлық мұрын қосалқы қуыстарының қабынуының жалпы атауы. Гайморит — нақты жоғарғы жақ қосалқы қуысының қабынуы

Патофизиология ерекшеліктері

Қай жерде орналасса да, аурудың даму механизмі бірдей. Көбіне басталу себебі вирустық инфекция болады. Ол шырышты қабықтың ісінуін тудырады. Содан кейін келесі кезеңдер дамиды.

  1. Өзектің бітелуі
    Мұрын қосалқы қуысынан шығу жолы жабылады.

  2. Гипоксия
    Мұрын қосалқы қуысында оттегі мөлшері азаяды, қышқылдық-сілтілік тепе-теңдік (pH) өзгереді.

  3. Мукоцилиарлық клиренстің бұзылуы
    Гипоксия нәтижесінде кірпікшелі эпителийдің қызметі төмендейді.

  4. Шырыштың іркілуі
    Шырыш қоюланып, жиналады.

  5. Бактериялық колонизация
    Екіншілік инфекция қосылады.

Гаймориттің басқа синуситтерден ерекшелігі оның анатомиясында: жоғарғы жақ қосалқы қуысы үлкен болғандықтан және шығу өзегі жоғарыда орналасқандықтан, бітелу салдары тез дамып, ауыр өтеді.

Клиникалық көрініс: белгілермен ажыратуға бола ма

Гайморит өзінің анатомиялық ерекшеліктеріне байланысты жиі кездеседі: себебі басқа мұрынның қосалқы қуыстарынан ерекшелігі онда шырыштың ағуы қиынырақ.

Барлық риносинуситке тән ортақ белгілер:

  • мұрынмен тыныс алудың қиындауы;
  • мұрыннан бөлінділер (сұйықтан іріңге дейін);
  • гипоосмия немесе аносмия (иіс сезудің төмендеуі немесе жоғалуы);
  • бет аймағында қысым немесе керілу сезімі;
  • бас ауруы;
  • температураның көтерілуі мүмкін;
  • постназальды ағу (шырыштың тамақтың артқы қабырғасымен ағуы)

Айырмашылық көбіне ауырсыну орналасуына байланысты.

  1. Гайморит кезінде
    Ауырсыну көздің астында, бет сүйектерінде байқалып, жоғарғы жаққа және 5–6 тістерге таралуы мүмкін. Бас еңкейгенде ауырсыну күшейеді — бұл мұрын қосалқы қуысының ішіндегі сұйықтықтың қозғалуымен және оның шырышты қабыққа түсіретін қысымымен байланысты.

  2. Фронтит кезінде
    Ауырсыну маңдай аймағында болады, көбіне таңертең күшейеді.

  3. Этмоидит кезінде
    Ауырсыну көздің арасында немесе мұрын түбінде сезіледі. Сирек жағдайда қабақтың ісінуі және жас ағу байқалуы мүмкін.

  4. Сфеноидит кезінде
    Ауырсыну тереңде сезіледі, шүйде немесе төбе аймағында, нақты орны анық емес болады.

Сондықтан, синусит пен гайморитті қалай ажыратуға болады деген сұраққа жауап, инструментальды диагностикасыз нақты болмайды. Полисинусит (бірнеше мұрын қосалқы қуысы қатар қабынса) немесе пансинусит (барлық мұрын қосалқы қуысы зақымдалса) кезінде ауырсыну жайылып, нақты қай жерде мәселе барын анықтау қиындайды.

 Синусит пен гаймориттің айырмашылығы неде 2

Мүмкін болатын асқынулар

Дәрігер гайморит пен синусит диагноздарын қарастырғанда, олардың айырмашылығы инфекцияның мұрын қосалқы қуысынан тыс таралу қаупімен де байланысты. Асқыну түрі анатомиялық орналасуына тікелей тәуелді.

Гайморит (жоғарғы жақ қосалқы қуысы) кезіндегі асқынулар

Бұл мұрын қосалқы қуысы көз ұясымен, ауыз қуысымен, бет жұмсақ тіндерімен шектеседі. Негізгі қауіптер:

  • орбиталық асқынулар — инфекция көз тіндеріне таралады (периостит, орбита целлюлиті), белгілері: қабақтың ісінуі, көз қозғалғанда ауырсыну, көрудің төмендеуі;
  • одонтогендік асқынулар — жоғарғы тістердің түбірлері мен жақ сүйегі зақымдалады (остеомиелит);
  • созылмалы түрге өтуі — дренаждың ерекшелігіне байланысты дұрыс ем болмаса, ұзаққа созылады.

Басқа синусит түрлеріндегі асқынулар

  • Фронтит
    Алдыңғы бассүйек шұңқырына жақын болғандықтан, бассүйек ішілік асқынулар қаупі жоғары.

  • Этмоидит
    Жұқа сүйек қалқасы (lamina papyracea) мұрын қосалқы қуысын көз ұясынан бөледі. Сондықтан: көз ісінуі, көз тіндерінің инфекциясы, жиі болады, әсіресе балаларда.

  • Сфеноидит
    Гипофизге, көру нервтеріне және кавернозды синусқа жақын. Мүмкін болатын қауіптері; синус тромбозы, кейде белгілері анық емес болатын бассүйек нервтерінің зақымдалуы.

Гайморит қауіпті ме әлде, басқа синусит қауіпті ме деп дәл айту мүмкін емес. Барлық синусит түрлері уақытылы диагностика мен дұрыс емді қажет етеді.

 Синусит пен гаймориттің айырмашылығы неде 3

Емдеу: тактиканы не анықтайды

Емдеу тәсілі мына факторларға байланысты: аурудың кезеңі, себебі (вирус немесе бактерия), дренаждың бұзылу дәрежесі.

Емдеудің негізгі мақсаттары

  1. Ісінуді азайту — мұрын қосалқы қуыстарының өзегін ашу.
  2. Шырыштың қоюлығын азайту — шырыштың шығуын жеңілдету.
  3. Мукоцилиарлық клиренсті қалпына келтіру (МЦК) — эпителий кірпікшелерінің жұмысын жақсарту.

Әртүрлі түрлердегі ем тактикасы

  • Гайморит кезінде
    Мұрын қосалқы қуысы үлкен болғандықтан, шырыштың жиналып қалуына жол бермеу өте маңызды. Бұл кезде жүйелік препараттар қолданылады, ал пункция тек консервативті ем нәтиже бермесе ғана ұсынылады.

  • Фронтит және сфеноидит кезінде
    Бассүйек ішіндегі асқынулардың алдын алу үшін мұрын қосалқы қуысын ерте декомпрессия жасау маңызды.

  • Кешенді тәсіл
    Барлық жағдайда жұмсақ фитопрепараттарды қолдануға болады.

Шұғыл емді түзету және КТ жасау қажет болатын жағдайлар:

  • жағдайдың уақытша жақсарудан кейін қайта нашарлауы;
  • қабақтың ісінуі, көздің қызаруы, қосарланып көру немесе көрудің төмендеуі;
  • шыдатпайтын бас ауруы, құсу, желке бұлшықеттерінің тартылуы;
  • емге қарамастан 3 күннен астам 38,5°C жоғары температура.

ЛОР синусит пен гайморит диагнозын қойған кездегі айырмашылығы: ауырсынудың орналасуында, асқыну қаупінде. Бірақ емдеудің негізгі принципі бірдей: дренажды қалпына келтіру. Шырыштың құрамы мен эпителийдің жұысн жақсартатын уақытылы және дұрыс ем сізді пункциядан сақтайды, созылмалы түрге өтудің алдын алады және асқынулар

Қолданылған әдебиет тізімі:

  1. Үлкен медициналық энциклопедия.
  2. Жедел және созылмалы синусит: этиопатогенез және емдеу принциптері. https:/www.cyberleninka.ru/article/n/ostryy-i-hronicheskiy-sinusit-etiopatogenez-i-printsipy-lecheniya
  3. Созылмалы гайморит: белгілері, диагностикасы және емі. https://www.gemotest.ru/info/spravochnik/zabolevaniya/khronicheskiy-gaymorit/
  4. Созылмалы гайморит. https://www.lvrach.ru/2003/08/4530624

Мәселе жайында толығырақ