
Жаз мезгіліндегі аллергиялық ринит: айнала гүлдеп тұрған кезде өмірді қалай жеңілдетуге болады
Әлемдік бағалаулар бойынша, аллергиялық ринит — жүздеген миллион адамға әсер ететін мәселе. Жаз мезгілінде ол ең қарапайым күндердің өзінде өршуі мүмкін: саябақта серуендегеннен кейін, қала сыртында болғаннан кейін немесе терезені ашып ұйықтаған соң. Мұрын бітеледі, көзден жас ағады — мұның бәрі ауада маусымдық триггерлер сақталғанша бірнеше апта бойы қайталануы мүмкін.
Жазда аллергияның неге пайда болатынын анықтап, дұрыс емдеу тактикасын таңдауға дәрігер көмектеседі.
Жазда аллергиялық ринит неге пайда болады?
Аллергиялық ринит кезінде иммундық жүйе көптеген адамдар үшін зиянсыз болатын триггерлерге шамадан тыс белсенді жауап береді. Аллерген ағзаға түскенде қабыну үдерісі басталады: қан тамырлары кеңейеді, тіндер ісінеді, бездер шырышты көбірек бөле бастайды. Соның нәтижесінде инфекция белгілерінсіз мұрынның бітелуі, мұрыннан су ағу және түшкіру пайда болады.
Жазғы аллергия толқын тәрізді өтеді: бүгін адам өзін қалыпты сезінсе, ертең майлықсыз жүре алмай қалуы мүмкін. Бұған ауа райы, жел, ылғалдылық, өсімдіктердің гүлдеу кезеңі және адамның жеке сезімталдығы әсер етеді.
Мысалы, жаздағы маусымдық аллергия көбіне құрғақ әрі желді ауа райында күшейеді, өйткені мұндай кезде тозаң ауада ұзақ уақыт сақталады.
Ықтимал триггерлер
Жаздағы аллергиялық ринит адам тыныс алатын бөлшектердің әсерінен пайда болады. Олар мұрын мен көздің шырышты қабығына түсіп, қабыну реакциясын қоздырады және аллергияға тән белгілерді туындатады.
Дәнді өсімдіктердің тозаңы
Оларға атқонақ, үйбидайық, қоңырбас, бетеге, кәдімгі тарғақшөп, бидайық және басқа да шалғындық өсімдіктер жатады. Белгілер көгалдардың, саябақтардың, егістіктердің маңында серуендегеннен кейін немесе шабылған шөппен байланыстан соң күшеюі мүмкін.Арамшөптердің тозаңы
Жаздың екінші жартысында және күзге қарай аллергия ұстамаларын ойраншөп, жусан, көкпек, алабота, жолжелкен және қалақай тозаңы тудыруы мүмкін. Бұл өсімдіктер бос жатқан жерлерде, жол жиектерінде, жеке үйлердің маңында, өңделмеген аумақтарда және егістік жанында өседі.Зең саңырауқұлақтарының споралары
Аллергияны Alternaria және Cladosporium саңырауқұлақтарының споралары тудыруы мүмкін. Белгілер жаңбырдан кейін, ылғалды топырақпен, тыңайтқыштпен және өсімдік қалдықтарымен жұмыс істегенде, сондай-ақ ылғалды бөлмелерде, жертөлелерде және ескі саяжай үйлерінде болғаннан кейін байқалады.Үй шаңы және шаң кенелері
Олар тек жаз мезгіліне тән аллергендер емес, бірақ жылы әрі ылғалды бөлмелерде олардың әсері айқынырақ болуы мүмкін. Белгілер көбіне үйде: таңертең ұйқыдан тұрғаннан кейін, үй жинау кезінде, кілемдері, жұмсақ жиһазы, қалың перделері, ескі матрасы немесе жастығы бар бөлмеде күшейеді.Кондиционер және желдету жүйесі
Егер сүзгілер уақытылы тазартылмаса, олардың ішінде түрлі ластаушы заттар жиналады. Құрылғыны қосқанда олар бөлме ішіне таралып, аллергиялық реакция туындатуы мүмкін.
Жазда аллергияның нақты неден пайда болатынын түсіну үшін белгілердің қайталануына және олардың қандай жағдайда пайда болғанына назар аудару маңызды. Осындай бақылаулар тексеру түрін және емдеуді дәлірек таңдауға көмектеседі.
Маусымдық ринитті қалай тануға болады?
Жаздағы аллергия белгілері жалпы әлсіздікпен емес, шырышты қабықтардың жергілікті реакциясымен байланысты.
Тән белгілері:
- қатарынан жиі түшкіру;
- мұрыннан мөлдір, сұйық бөлінді ағуы немесе мұрынның бітелуі;
- мұрының, көздің, кейде тамақтың немесе таңдайдың қышуы;
- көзден жас ағу және көздің қызаруы;
- ұқсас жағдайларда жағдайдың нашарлауы (далада, шөптің жанында, бөлмені желдеткеннен кейін, қала сыртына барған соң);
- душ қабылдағаннан, жуынғаннан, киім ауыстырғаннан немесе терезелері жабық бөлмеде болғаннан кейін жеңілдеуі.
Кейде құрғақ жөтел де қосылады, әсіресе түнде немесе таңертең. Егер ентігу, сырылдап тыныс алу, жөтел ұстамалары немесе кеуде тұсында қысылу сезімі пайда болса, шұғыл түрде дәрігерге қаралу қажет: аллергиялық ринит бронх демікпесімен қатар жүруі мүмкін.
Балаларда реакция қалай көрінеді?
Балалардағы жазғы аллергия олардың мінез-құлқына да әсер етеді. Кішкентай балалар мұрынының қышитынын немесе бітелгенін айта алмауы мүмкін, сондықтан ересектер бұл белгілерді еркелікке, шаршауға немесе толық жазылмаған тұмауға балап жатады.
Балаларда назар аударуға тұрарлық бір ерекше белгі бар: аллергиялық ринит кезінде мұрынның үстінде көлденең сызық пайда болуы мүмкін. Ол мұрынды төменнен жоғары қарай қайта-қайта ысқылау әдетінен қалыптасады — бұл «аллергиялық сәлем» деп аталады. Бұл дәрігер мен ата-аналарға баланың ұзақ уақыт бойы жайсыздық сезініп жүргенін аңғартатын айқын белгі.
Егер бала:
- ұйқы кезінде аузымен тыныс алса;
- таңертең мұрны бітеліп оянса;
- мұрны мен көзін жиі ысқыласа;
- саябақта немесе саяжайда серуендеуді нашар көтерсе;
- айқын инфекция белгілерінсіз түнде немесе таңертең жөтелсе;
- енжар, ашуланшақ болып, зейіні нашарласа;
- сырылдап тыныс алса немесе ентігу байқалса,
педиатрға, ЛОР дәрігеріне немесе аллергологқа қаралған жөн.
Алайда өзін-өзі диагностикалауға болмайды: аллергияны аденоидиттен, синуситтен, жиі кездесетін вирустық инфекциялардан және мұрынның тұрақты бітелуінің басқа себептерінен ажырату маңызды.

Жаз мезгіліндегі аллергия кезінде үйде не істеу керек?
Егер жазғы аллергия басталса, алғашқы күндері не істеу керектігі — маңызды мәселе. Үй жағдайындағы шаралар емдеуді алмастырмайды, бірақ шырышты қабықтың аллергендермен жанасуын азайтуға көмектеседі.
Не істеуге болады:
- көшеден келгеннен кейін бетіңізді жуып, мұрынды тұзды ерітіндімен шаю;
- серуеннен кейін киімді ауыстыру;
- егер белгілер түнде немесе таңертең күшейсе, кешке шашты жуу;
- төсек жаймаларын және балалардың киімдерін далада кептірмеу;
- желді күндері терезелерді жабық ұстау;
- кондиционер сүзгілерін жүйелі түрде тазалау;
- егер көшеде жүргенде көз қышып, жас ақса, күннен қорғайтын көзілдірік пайдалану;
- серуендеу кезінде көзді қолмен ұстамау.
Ылғалды тазалық жүргізу де пайдалы, бірақ оны шаңмен және зеңмен қосымша байланысқа айналдырмаған жөн. Егер әрбір серуеннен кейін аллергия белгілері пайда болса, олардың қай уақытта және қандай жағдайда күшейетінін бақылаған дұрыс.
Емдеу тәсілі
Егер науқаста жазғы аллергия болса, емдеу тәсілі жасына, белгілердің айқындылығына, қатар жүретін ауруларға, қазір қабылдап жүрген дәрілік препараттарына және жүктіліктің болуына байланысты таңдалады.
Дәрігер мыналарды ұсынуы мүмкін:
- антигистаминдік препараттар;
- мұрынға арналған қабынуға қарсы препараттар;
- шырышты қабықты күтуге арналған тұзды ерітінділер;
- аллергияға қарсы көз тамшылары;
- аллергологтың тексеруінен өту.
Тамырды тарылтатын мұрын тамшыларына ерекше сақтықпен қарау қажет. Олар тыныс алуды тез жеңілдеткенімен, аллергиялық қабынуды емдемейді. Егер оларды ұзақ уақыт қолданса, мұрынның бітелуі тамшылардың өзіне байланысты күшеюі мүмкін.
Егер жазғы аллергия жыл сайын қайталанып отырса, дәрігер ұзақ мерзімді емдеу тактикасын талқылауы мүмкін. Кейбір жағдайларда аллерген-спецификалық иммунотерапия қолданылады.
Қашан көмекке жүгіну керек?
Төмендегі жағдайларда дәрігерге қаралуды кейінге қалдырмаңыз:
- мұрынның бітелуі 1–2 аптадан ұзақ сақталса;
- белгілер әр жаз сайын қайталанса;
- түнде немесе таңертең жөтел пайда болса;
- ентігу, сырылдап тыныс алу немесе ауа жетіспеу сезімі байқалса;
- мұрынның қосалқы қуыстары аймағында ауырсыну немесе қысым сезімі болса;
- мұрыннан бөлінетін бөлінді қоюланып, сары-жасыл түске еніп, жағымсыз иіс шықса;
- дәрілік препараттар ұйқышылдық, жүрек қағуы немесе басқа да жағымсыз реакциялар тудырса;
- балада аллергия алғаш рет пайда болса.
Қабылдау кезінде дәрігер шағымдардың қашан басталғанын, қандай жағдайда күшейетінін нақтылайды. Қажет болған жағдайда аллергологиялық тексеру, ЛОР мүшелерін қарау немесе синуситті, бронх демікпесін және басқа да ауруларды жоққа шығару үшін қосымша диагностика тағайындалады.
Алдын ала дәрігермен алғашқы белгілер пайда болғанда не істеу керектігін, қандай дәрілерді тұрақты қолдануға болатынын және қашан қайта қаралу қажет екенін талқылаған жөн.
Қолданылған әдебиет тізімі:
- https://apteka911.ua/ua/blog/alergiya-v-serpni-na-scho-buvae-i-yak-polegshiti-polinoz-alergikam-47245
- https://www.cdc.gov/climate-health/php/effects/pollen-health.html
- https://www.msdmanuals.com/ru/home/%D0%B8%D0%BC%D0%BC%D1%83%D0%BD%D0%BD%D1%8B%D0%B5-%D0%B7%D0%B0%D0%B1%D0%BE%D0%BB%D0%B5%D0%B2%D0%B0%D0%BD%D0%B8%D1%8F/%D0%B0%D0%BB%D0%BB%D0%B5%D1%80%D0%B3%D0%B8%D1%87%D0%B5%D1%81%D0%BA%D0%B8%D0%B5-%D1%80%D0%B5%D0%B0%D0%BA%D1%86%D0%B8%D0%B8-%D0%B8-%D0%B3%D0%B8%D0%BF%D0%B5%D1%80%D1%87%D1%83%D0%B2%D1%81%D1%82%D0%B2%D0%B8%D1%82%D0%B5%D0%BB%D1%8C%D0%BD%D0%BE%D1%81%D1%82%D1%8C/%D1%81%D0%B5%D0%B7%D0%BE%D0%BD%D0%BD%D1%8B%D0%B5-%D0%B0%D0%BB%D0%BB%D0%B5%D1%80%D0%B3%D0%B8%D0%B8
- https://umedp.ru/articles/sovremennye_metody_lecheniya_sezonnoy_allergii_rol_antigistaminnykh_preparatov.html
- https://www.worldallergy.org/component/content/article/rhinitis-in-depth-review-sullivan-a-kushnir-nm-updated-2020



